Алматының хайуанаттар бағында дүниеге үш кенгуру төлі келді
Алматының хайуанаттар бағында үш жұп кенгуру төлдеді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Қазір олардың біреуінің ғана жынысы анықталған: қызыл кенгуру жұбынан еркек төл дүниеге келген. Қалған екі сұр кенгурудың төлі енесінің қалтасында болғандықтан әзірге жынысы белгісіз.
Хайуанаттар бағы мәліметінше, екі сұр кенгуру төлі Лорд пен Лара, Тик пен Линда атты екі кенгуру жұбынан туған. Лара бұл жолы алтыншы рет, ал Линда алғаш рет төлдеп отыр. Ал еркек төл Мартин мен Марта атты қызыл кенгурулардан туған.